Балаңыз e-Gov тізімінде болмаса не істеу керек?

0
61

 

Еліміздегі кейбір балалардың электронды үкімет платформасында цифрлық құжаттары жоқ екендігі анықталды. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 1 қаңтардан бастап, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балаларға төлем төлеу күшіне енеді. Осыған байланысты көптеген отандасымыздың e-Gov платформасынан балаларының цифрлық құжаттарын тексеруі кезінде кейбір деректердің жаппай жоқ екендігі анықталды. Бұл қандай да бір қателіктен, не болмаса кемшіліктен, техникалық ақаудан емес. 2008 жылдан бастап туған балалардың құжаттары ғана цифрлық форматқа өткен болатын, – деді Талғат Уәли.

Мұндай жағдайда не істеу керек? Министрлік өкілі балаларды e-Gov платформасына тіркеу жолдарын айтты.

– Егер балаңыздың деректері eGov-та жоқ болса, онда платформада «баланы қосу» деген батырма бар. Соны басып, баланың ЖСН нөмірін енгізу арқылы тіркелей аласыз. Егер сол тіркеу кезінде ақпараттар шықпай жатса, онда «түзету» батырмасына өтіп, өз құжатыңызды, балаларыңыздың туу туралы куәлігін енгізесіз, – деді ол.

Еске салайық, 16 желтоқсан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға қаражат аударуды қарастыратын заңға қол қойған болатын.

Қаржы министрлігінің өкілі балаға түскен ақшаны қайдан тексеріп отыруға болатынын мәлімдеді. Министрліктің бюджеттік кредиттеу, ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазин Ұлттық қордан баласына ақша күтіп жүрген ата-аналарға үндеу жасады.

– Ең бастысы, ата-аналардан өтініп сұрайтынымыз — балаларын жеке құжаттандыру мәселесіне жіті назар аударып, соны қараса. Қандай да бір себеппен құжаттары болмай жатса, алдымен соны реттеуі керек. Тіпті қандай да бір адами факторлардың себебінен азаматтардың мәліметі базадан түсіп қалған жағдай болса, ондай күннің өзінде де бала қаражатсыз қалмайды. Мысалы, биыл мәліметтер базасында болмай қалса, келер жылы өткен жылдың жылдың төлемі қоса аударылып отырады. Ондай мүмкіндік көзделген. Сондықтан ешбір бала Ұлттық қор қаражатынан шет қалмайды, — деді Айбол Арғынғазинов.

Оның сөзінше, ата-аналардың негізгі тексеретін екі көзі болады.

– Біріншісі — электронды үкімет порталы. Екіншісі — Бірыңғай жинақтаушы қорының порталы. Осы екеуінің де мобильді қосымшасынан көруге болады. Мысалы, БЖЗҚ-да ол жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы көрінетін болса, электронды үкімет порталында әрбір ата-ананың жеке кабинетінде көрініп тұрады. Қазіргі кезде проактивті қызметтің түрі бар екенін білесіздер. Онда ата-ананың бүкіл балалары, олардың қандай мектепке баратыны, балабақшадағы кезегі, денсаулығы туралы барлық мәліметтер шоғырландырылған. Соның ішінде қосымша Ұлттық қордан жасалатын төлеу туралы мәліметте болады. Бұл интеграция қазір көзделген. Жаңа жылдан бастап көруге, тексеруге болады, – деді министрлік өкілі.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу