Өткен жылы қараша айында елдегі барлық ақпарат құралдары Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткені жөніндегі сүйінші хабарды жарыса жазды. 1991 жылы халық саны 16,4 миллион болғанын ескерсек, 32 жылдың ішінде халқымыз 22,3 пайызға көбейгенін байқаймыз. Бір қарағанда, әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда бұл жаман көрсеткіш емес сияқты. Бірақ, бізбен бірге тәуелсіздікке ие болған Орталық Азияның төрт мемлекетімен салыстырсақ, демографиялық өсім тұрғысынан көш соңында қалып қойдық. Мәселен, Тәжікстанда 1991 жылы xалық саны 5,5 миллион болса, 2023 жылдың соңында 10 миллионнан асқан. Демек, 32 жылдың ішінде Тәжікстан халқы шамамен 82 пайызға көбейіп отыр. Халық санының өсім динамикасы жөнінен тәжіктер бізді төрт орап алған.
Тәуелсіздік жылдарында Түркіменстан халқының саны 65, ал, Қырғызстан халқының саны 64 пайызға көбейіпті. Орталық Азиядағы ең жоғары өсім Өзбекстанда тіркелген. Көрші елде 1991 жылы халық саны 20 миллионнан сәл ғана асатын болса, 2024 жылы 1 қаңтардағы деректер бойынша 36,8 миллионға жеткен. Демек, өзағамдар 32 жылдың ішінде
84 пайызға көбейген. 2023 жылы Өзбекстан табиғи өсім бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бір жылдың ішінде бұл елде 970 мың сәби дүниеге келсе, қайтыс болғандар 260 мың адам екен. Яғни халықтың табиғи өсімі 710 мың адамды құраған. Осы қарқыны сақталса, тағы 4-5 жылдың ішінде Өзбекстанда халық саны 40 миллионға жететін түрі бар.
Әрине, Қазақстандағы демографиялық ахуалға түрлі тарихи факторлар әсер еткенін де естен шығаруға болмайды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары миллиондаған өзге этнос өкілдерінің тарихи Отанына қайтуына байланысты Қазақстан халқының саны 2001-2002 жылдары 14,8 миллионға дейін азайғаны белгілі. Осыны ескерсек, кейінгі 20 жылда халық саны шамамен 35 пайызға көбейіп отыр. Дегенмен, демографиялық өсіміміздің көрші елдермен салыстырғанда баяу болуының себебі туу көрсеткішінің төмендігі екенін мойындауымыз керек.
Ақпан айында өткен Үкімет сағатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев адами ресурстың кез келген мемлекет үшін маңызды екеніне тоқталды.
Жоғарғы палата спикері «Бұл мәселе елдің дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан демографиялық мәселелер стратегиялық маңызға ие. Бұл саладағы ең соңғы бағдарлама 2005 жылы жұмыс істеуін тоқтатқан. Бізде демография мәселесімен айналысатын өкілетті орган да, ведомствоаралық комиссия да жоқ. Халық санының көбеюі бірқатар мәселелерді тудыратыны белгілі. Ол – инфрақұрылым мен мектептер, медициналық мекемелер мен жұмыс орындарын ашу. Алайда, бұл мәселенің барлығына қарамастан, халық санын көбейтуіміз керек. Біздің халқымыздың саны 35-40 миллионға жетпейінше әлемде жер көлемі бойынша 9-шы орынды алатын елімізді дамытуымыз қиын. Даму үшін адам керек» деді.
Сол жиында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова елімізде демографиялық дисбаланс орнау қаупі артып келе жатқанын айтты. Сарапшылардың пікіріне сүйенген вице-премьер тиісті шаралар қолданылмаса, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының 50 пайызы оңтүстік өңірлерде тұратынын айтады. Әрі бұл Алматы мен Шымкент секілді ірі мегаполистерді қоспағандағы көрсеткіш екен. Оларды қоса есептесеңіз, бұл көрсеткіштің 70-75 пайызға жетіп жығылатыны белгілі. Өзі азғантай халқымыздың төрттен үш бөлігі оңтүстікке жиылып алса, Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан ұланғайыр атырапта 5-6 миллион халық тарыдай шашырап жатпақ па? Бұл жағдайдың отандық экономикаға ғана емес, ұлттық қауіпсіздігімізге де қатер төндіретіні айтпаса да түсінікті болып отыр. Ал, көштің басын теріскейге бұруы тиіс болған мемлекеттік бағдарламаның мардымды нәтиже бермегенін жұрттың бәрі көріп отыр.
Бұдан шығатын түйін біреу: бүгінгі биліктің Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтыны рас болса, халық санының көбеюін ең басты стратегиялық мақсат етіп белгілейтін ұлттық саясат қалыптастыруы қажет.
Иә, 30 жылдан бері біз ұлттық саясат қалыптастыруымыз керек деп әлі жүрміз. Ал, сол уақытта көрші елдер халық санын 2 есе көбейтіп алды. Енді не істеуіміз керек?
Соңғы жылдардағы демографиялық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, Қазақстан халқының саны шамамен 3,5 жылда 1 миллион адамға көбейіп келеді. Егер осы тенденция сақталса, ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстан халқының саны 30 миллионға жетуі тиіс. Бірақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамдары басқаша болып отыр. БҰҰ зерттеуі бойынша Қазақстан халқының саны 2050 жылы 25 миллионға жетуі мүмкін. Ал, 30 миллионға тек 2100 жылға қарай жетеді екенбіз.
Демограф Аяулым Сағынбаева баспасөзге берген сұхбатында Қазақстанның тарихында бала туудың рекордтық нәтижесі 2021 жылы тіркелгенін, сол жылы елімізде 446 мың сәби дүниеге келгенін атап өтіпті. «2020-2022 жылдары елімізде «бэйби бум» болды. Соның нәтижесінде халық саны 3-4 жылдың ішінде 19 миллионнан 20 миллионға жетті. Бірақ, 2023 жылдан бастап бала туу көрсеткіші қайта төмендей бастағанын байқадық. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2023 жылы елімізде 403,9 мың сәби дүниеге келген.
– Қазіргі 4-5 баласы бар көп балалы аналардың басым көпшілігі 1980-1990 жылдар аралығында өмірге келген әйелдер. Олардың жасы қазір 35-тен асып барады. Бұл буынның репродуктивтік әлеуеті сарқылып келеді, әрі кеткенде 5-6 жылдан кейін олар демографияға үлес қосуын толықтай тоқтатады. Ал, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өмірге келген жастардың саны аз. Аз әйелден аз бала туылатыны анық. Ендігі буынның, яғни тоқсаныншы, екімыңыншы жылдары туған жастардың репродуктивтік көзқарасы сексенінші жылдары туған адамдарға қарағанда өзгеше. Кейінгі буын индивидуализмге бейім, бірінші орынға өз өмірінің жайлы, қиындықсыз болғанын қояды. Сол себепті олардың көпшілігі 1-2 баламен шектелуді қалайды. Бүгінгі жас аналар қызметте өрлеуге басымдық береді, ғылым-білім қууға ынталы қыздардың саны көбейіп келеді. Урбанизацияның қарқын алуы, гендерлік саясаттың да әсері тимей тұрмайды. Бұл – бүкіл әлемде орын алып жатқан тенденция. Сондықтан да алдағы уақытта Қазақстанда туу көрсеткішінің деңгейі дәл қазіргідей жоғары болуы қиын, – дейді Аяулым Сағынбаева.
Халық көбеюі үшін, ең әуелі, мемлекеттің демографиялық саясаты дұрыс болуы керек. Біз үшін ең маңызды мәселе халықтың өсуі екенін билік түсінбейінше, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі екіталай.
Шеттен келетін қандастар, туу көрсеткішінің жақсаруы, өмір сүру жасының ұзаруы, медициналық қызмет сапасының артуы, тағы басқа факторлар қай ел болсын маңызды-ақ. Бірақ, халықтың өсімі тек әлеуметтік мәселені шешумен бітпейді. Ең әуелі ұлттық психологияның сауығуы, көп балалы болуға ынтық отбасылардың көбеюі керек. Дұрысы, елде сондай саясат жүргізілуі тиіс.
Ал, қазір демографиямен қандай министрлік айналысып отырғаны да түсініксіз. Кезінде бұл мәселемен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі айналысқан болатын. Бүгінде Ұлттық экономика министрлігінің бір басқармасы демографияға көп жұмыстың бірі деп қана қарайды. Ұлттық статистика бюросы, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері демографияға қатысты әртүрлі жұмыстарды бөлек-бөлек атқарады. Сенат төрағасы айтқандай, олардың жұмысын үйлестіріп отыратын ведомствоаралық комиссия да жоқ. Мамандар әртүрлі мекемелерге қараған мәселелердің басын біріктіріп, агенттік немесе комитет құру заман талабы екенін алға тартады. Тіпті, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, арнайы министрліктері бар елдер де кезігеді. Қазақстан үшін ең басты құндылық – Адам екені Ата заңымызда жазылған. Ендеше, халықты көбейту, демографиялық мәселемен жүйелі айналысу – Үкіметтің басты жұмысы болуы керек.
Ойлап отырсақ, Отанды Отан ететін – халық. Қазақстан – барша қазақтың жалғыз Отаны екенін ескерсек, Отанымыздың іргесі берік болуы үшін халқымыз көбеюі керек. Дана халқымыз «Көп қорқытады, терең батырады» дегенді текке айтпаған. Қазақтың саны көбейсе ғана экономикасы мықты, мемлекеті мығым, Тәуелсіздігі баянды болады.