Жылқыға ота жасаған

0
86
Шолаққорған ауылының тұрғыны Серік Жетпісбайұлының буаз биесі аяқ астынан жығылды. Бүйірі солқылдап, ауыр демалып, орнынан тұра алмай қалған жануар алдына салған жем-шөптен түйір де татпай қалған соң, мал егесі «адал малым арам өлгенше, бауыздап алайын» деп қара пышағын қайрай бастаған. Сәкеңнің бие құлатқанын лезде естіген ауылдастары «кере қарыс қазы шықпаса да, сорпа- суға татитын жілік майы бар шығар. Әрі Сәкең мал тұяғын жоғалтпасын» деген оймен там-тұмдап жиналып қалған. Сол көпшіліктің арасында ауылдың мал дәрігерлері Жомарт Жорабеков, Ғалымжан Әбдіқадыров, Әли Боқанов та бар еді. Сол үшеуі аз-кем ақылдасып алған соң, Серікке келіп, «жылқыңыз бәрібір өлгелі жатыр, сонда да болса соңғы мүмкіндік ретінде бұл малға ота жасауға рұқсат беріңіз? Сәтті шықса, мал болып кетер» деп өтініш жасайды.
Үміті үзілмеген мал иесі келісімін берген. Нәтижесінде үш маман үш сағаттан аса уақытқа созылған отаны сәтті аяқтайды. Биені қасындағы жылқы теуіп, содан ішіндегі құлыны өлген екен. Отаның арқасында өлі құлын алынып, бие аман қалды. Бұл оқиға ауылдың шекарасынан асып, облыс аумағына тарады. Бүгінде шолаққорғандық үш «хирург» малжанды елдің алғысына бөленіп жүр.
– Бір жолы құлыны теріс келіп, іште өлген биеге ота жасадық. Жануардың аяқтарын матап, ішіндегі құлынды бөлшектеп алуымызға тура келді. Соңынан жатырын жуып, тазалап күтімге қойдық, – дейді мал дәрігері Ғалымжан Әбдіқадіров.
Оның айтуынша, ота жасалғаннан кейін жылқыны бір ай көлемінде диетада ұстау керек. Жатыры тазарып, науқасының беті қайтып, жарасы жазылған жылқыны диетада ұстау оңай емес, әрине. Алайда таңертеңнен кешке дейін уақтылы жем-шөбі, таза жылы суы беріліп, жылы жерде тұрса, Қамбар ата тұқымы айға жетпей  құлан-таза айығып кетеді. Ғалымжан мен Жомарт айына орта есеппен 40-50 жылқыны емдейді екен. Оларды Созақ, Сызған, Тасты ауылдары мен Кентау қаласының тұрғындары жиі шақырып тұрады. Көршілес аудандардағы мал ұстайтын ағайындар да олардың көмегіне жиі жүгініп жатады.
– Біздің мекеме халыққа ақылы қызмет көрсетеді. Мысалы, жылқының бағасын білесіз. Кемі 400-500 мың теңге тұрады. Бәйге аттарының бағасы одан да қымбат. Ал, ветеринарлық қызметті шақырғаны үшін 1000 теңге, қарағанымыз үшін 500 теңге, дәрі егу 500 теңге болады. Ота жасағанымыз үшін кейде мырза кісілер 10-15 мың теңге береді. Ақшамыз жоқ деп 1000-2000 теңге ұстатқандар да болды. Берген ақшасын қомсынып, ешкімнің ауру малын емдемей кеткен кезіміз болған емес. Негізінен сақау (іріңді жара), сіңірі созылған жүйріктер, аяғын інге тығып алып жарақаттанған жылқылар көптеп кездеседі. Жалпы, біз төрт түлік малға, үй жануарларына вакцина егумен, түрлі аурулардың алдын алу үшін қан алумен, қора-жайларды залалсыздандыру жұмыстарымен де айналысамыз, – дейді Жомарт Жорабеков.
– Бір жолы қасқыр тартып кеткен тайды емдедік. Терісін жалбыратып жіберіпті. Екі-үш күн сайын жарасын жуып, дәрі жағып жүріп жазып алған кезіміз болды. Мал иесі біздің жұмысымызға ризашылығын білдіріп жатты, – дейді Әли Боқанов.
Осынау қиын да қызықты мамандықты меңгерген  ауыл азаматтарының арасында жасы үлкені Жомарт Жорабеков 1991 жылы Сарыағаш қаласындағы Қапланбек зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын бітірген. Содан бергі  уақыт ішінде ол мал шаруашылығы саласында үздіксіз еңбек етіп келеді. Балабақшада тәрбиеші болып еңбек ететін жұбайы Сәуле Елібаевамен екеуі  Нұрперзент, Самат, Бексұлтан, Бекзат, Жансерік атты перзенттерін тәрбиелеп отыр. Үлкені студент, Саматы грек-рим күресінен республика чемпионы.
Ғалымжан Әбдіқадыровтың әкесі Құраш аға аудан орталығының тұрғындарына  есімі таныс, білікті мал дәрігері. Әке жолын қуған Ғалымжан 2013 жылы Сарыағаш қаласындағы Қапланбек зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын бітірген. Жұбайы Лаура Қалжанова  – Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінде ұстаз. Әзіз, Сұлтан, Аруна атты ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
Ал, Әли Боқанов жас маман.
– Қазақ халқы малмен біте қайнасқан ел, бар тіршілігі, өмірі мен болашағы да осы төрт түлік мал. Бірақ, өздері рахатын көріп, сүтін ішіп, етін жеп, өнімін ұқсатып отырып малға жаны ашымайтын адамдар да болады. Таңертең  қорасынан шығарып жібереді де содан кешке дейін іздемейтіндер де бар. Апталап, айлап көздері жасаурап, жаны қиналып тұрған малға жаның ашиды. Оны мал деп мән бермейміз. Әйтпесе  малдың ағзасының  адамның ағзасынан айырмасы жоқ, – дейді Жомарт
Жорабеков.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу