Павлодарда көпқабатты 360 үй ыстық сусыз отыр

0
38

«Павлодарэнерго» АҚ қызметкерлері қазіргі уақытта гидравликалық сынау кезінде анықталған ақауларды жоюға кірісіп кетті. Қала бойынша желілердің 83 жерінен жарық шыққан.

Коммуналдық желілерге жауапты кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, облыс орталығындағы ыстық су тораптарына тамыз айының басында гидравликалық сынаулар жүргізілген. Нәтижесінде мамандар 83 ақауды анықтады. Құбырлардың тесілген жерлері көбіне ішкікварталдық желілерде анықталған — 69 ақау. Ал магистральдік желілерде 14 ақау белгілі болды.

— Ақауларды жою үшін қазіргі уақытта жөндеу бригадалары жұмыс істеп жатыр. Құбырлар қысқа шыдас беруі үшін әлсіз учаскелерді жөнге келтіреміз. Қала бойынша қазіргі сәтте шамамен көпқабатты 360 үй ыстық сусыз қалып отыр. Олардың барлығы 5 қыркүйекке дейін қосылады деген жоспар бар. Үйлердің басым бөлігі магистральдік желілерде табылған жарықтарға байланысты ыстық судан ажыратылды, — деп хабарлады «Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінен.

Мамандардың айтуынша, Павлодардың оңтүстік бөлігіндегі құбырлардан ақаулар жиі анықталады. Осы апта басында шаһардың ЖЭО-2 және ЖЭО-3 стансаларына қосылған оңтүстік бөлігінде гидравликалық сынаулар аяқталған. Енді бұл аумақта да анықталған ақауларды жою іс-шаралары жүргізіледі.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу