Он тілді меңгерген Мейірхан марапатқа ие болды

0
91

Он тілде еркін сөйлей алатын түркістандық азамат Мейірхан Топанбай «Жан шуақ» сыйлығының иегері атанды. Елордада «Аmanat» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVI «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Олардың қатарында Түлкібас ауданындағы Тастұмсық ауылының тұрғыны Мейірхан Топанбай бар. Ол 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Мейірхан Топанбай замандастарының ортасында полиглот атанып кеткен. Ол түрік, парсы, неміс, грек, испан, армян, поляк, тәжік, француз тілдерін жетік біледі. Ал, ағылшын тілін тұрмыстық деңгейде меңгерген. Ол жоғары білімді «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша алған. Мейірхан қазір итальян тілін үйреніп жүр екен. Сондай-ақ, шетел әдебиетін қазақ тіліне аударып, жинақтар құрастырумен айналысады.

– Тіл үйрену – мен үшін жан рахаты. Тіл үйрену арқылы көңілім тынышталады. Анам бұл қасиет нағашыларымнан берілген дейді. Жазушы, қоғам қайраткері, ғалым Мырзакелді Кемел – нағашы атам. Сол кісі бағыт-бағдар беріп, білгенін үйретті. Әрқашан ақылын айтып отыратын, – дейді Мейірхан Топанбай.

Мейірхан туғаннан сал ауруына шалдыққан. Бір көзі мүлдем көрмейді. Таяқтың көмегімен жүріп тұрады. Денсаулығы әрдайым күтімді қажет етеді. Дегенмен, оның өмірге деген құлшынысына қарап қызықпайтын жан жоқ. Мейірхан тынбай оқып, ізденіп, өзін жетілдіріп отырады. «Мүгедек болсам да, масыл болғым келмейді» деген сөзді өмірлік қағида еткен.

Осы дертпен күресіп келе жатқаныма 30 жылға жуық уақыт болды. Нешеме қиындықтар көрдім. Бәрін Жаратқанның сынағы деп қабылдап, қиындыққа еш мойымадым. Үйдің тұңғыш перзентімін. Менен кейін бір қарындасым бар. Әкем Мейрамбек трактор айдаған қарапайым еңбек адамы болды. Анам Ұлбосын шет тілі пәнінің мұғалімі еді. Менің күтіміме байланысты жұмыс істеуге мүмкіндігі болмапты. Емдетіп жүріп, амандығымды тілеп, қатарға қосты. Қазіргі дәрежеге жетуіме нағашы әжем Жұмаш та себепкер болды. «Құқығыңды қорғауға керек болады» деп 5 жасымнан бастап заңды жаттатты. «Алла сынақты сүйген құлына ғана береді» деп, жігерлендіріп отырды. Өмірге бейімдеді. Зейнетақысына брайль алфавитін алып беріп, жазуды, оқуды меңгертті. Оқуға деген махаббатым әжемнен дарыған. Мыңға жуық кітап сатып әперіп, рухани байлығын мұра етті – дейді Мейірхан.

Ол оқуды бітірген соң, алғашқы еңбек жолын Жаскешу аудандық мәдениет үйінен бастаған екен. Мұнда іс-шара ұйымдастырушының көмекшісі ретінде «Үміт керуені» атты фестиваль мен «Өзіңді сүй» атты мотвациялық кеш өткізді. Мейірхан Топанбайдың қолға алуымен іске асқан жобалар бүгінге дейін жылда жалғасын тауып келеді.

– Мен сияқты айықпас дертке шалдыққан науқас балаларға көмек көрсетуді мақсат етіп, «Дефектолог» мамандығын меңгердім. Кейін екінші рет оқуға түсіп, «орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі дипломын алдым. Екеуінде де мемлекеттік грантпен білім алдым. Мырзагелді Кемел мен Әбдімұса Қуатбеков есімді жаны жомарт жандар көп қолдау көрсетті. Ал, білікті маман атауныма ұстаздарым Рабиға Қуатбекова мен Жанна Ботабаева үлкен еңбек сіңірді. Баршасына ризашылығым шексіз, – дейді ол.

Бүгінде Мейірхан өз ауылындағы кітапханада қызмет етеді. Таңертең ерте келіп, кітаптарды түгендеп, оқырмандармен байланыс орнатады. Түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Кітапханашы жігіттің бұл талпынысын көрген жерлестері де қолдау көрсетіп, жігер беріп жүреді. Мейірханның өзі де кітапты көп оқиды. Бүгінгі күнге дейін 68 мың кітапты оқып тауысыпты.

– Мен жұмыс істейтін кітапханада 14 мыңнан астам кітап бар. Олардың ішінде тек жаңадан келгендерін ғана әлі оқып үлгермедім. Сондай-ақ бос кезімде тоқыманы ермек етемін. Себебі, ол біздің денсаулығымызға өте пайдалы. Ал, тоқыған сөмке, шұлық секілді заттарымды таныстарыма сыйлап жіберемін, – дейді Мейірхан Мейрамбекұлы.

Бүгінде Мейірханның «Ақиқаттан аттамайық!» атты алғашқы аудармалар жинағы жарық көрген. Қазір «Жанымның жаһұты» атты екінші жинақты баспаға дайындап жатыр. Кейінгі кезде полиглот жігіт ертегілер жазуға бет бұрған. «Сардар сүйген сұлулар», «Гүлге ынтық Гүлбахар» атты туындыларын оқыған көпшілік жоғары бағасын берген. Қазіргі таңда түрік жазушысы Гүнай Текиннің «Жүрегімдегі қала» кітабын аударып жатыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу