Жетісайда кәріз жүйесі болған ба, өзі?

0
82
Таяуда «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Жетісай қаласындағы көпқабатты үйлердің мүшкіл хәлі жайлы мақала жарияланды («Көпқабатты үйлерден жағымсыз иіс шығады». №17, 10 ақпан). Ондағы айтылған мәселелер осы ауданның байырғы тұрғыны ретінде мені де бей-жай қалдырмайды. Рас, бұл мәселені негізге алып аудан әкіміне базынасын айтып барғандар жоқ емес. Оған жауап ретінде аудан әкімінің жергілікті журналистерге берген жауабы тіпті таң қалдырады.
Аудан әкімінің айтуынша, көпқабатты үйлердің сыртында тізіліп тұрған әжетханалар бұзылып, орнына ойын алаңшалары салынады екен. Біріншіден, әжетхана тұрған жерлерге балалар ойнайтын алаңша салу… Бұл қалай болады екен, өзі? Екіншіден, сонда Жетісай қаласындағы 130-дан астам көпқабатты үйлердің он бес мыңнан астам тұрғыны әжетін қалай, қайда өтейді? Осы ауданның байырғы тұрғыны ретінде ашығын айтайын, мұндағы көпқабатты үйлерді кәріз жүйесіне қосу әзірше мүмкін емес. Өйткені, ол үйлерді толық қамтитындай кәріз жүйесінің өзі жоқ! Барының өзі талапқа сай жасалмаған.
Соңғы елу жылда қала халқының саны 30 мыңнан 50 мыңға дейін өсті. Бүгінгі таңда Жетісай қаласында жалпы 8 мыңнан астам тұрғын үй болса, соның 133-і көпқабатты тұрғын үй. Оларда орталық кәріз жүйесі болмағандықтан, тұрғындар аядай аулаларына әжетхана салып алған. Жарты ғасырдан бері ол аулалардың қазылып, әжетхана орнатылмаған бірде-бір шаршы метр жері қалмаған десе де болады. Ешкім намыстанбай-ақ қойсын, қала тұрмысының шындығы осы!
Жетісайлықтар үшін қалалық кәріз жүйесін құру, тұтынылған кәріз сулары мен қалдықтарын қайта тазалап, ауыл шаруашылығына қайта пайдалануға беретін   кешенді тазалау құрылғыларын орнату өте маңызды. Мұның кезек күттірмейтін күрмеулі мәселе екенін аудан басшылары да біледі. Бірақ, бұл проблеманың түйінін қалай тарқату керек екенін білмейді. Осыған байланысты аудандық газетте жарияланған мақалада «Бүгінде аудан орталығы саналатын  Жетісай қаласында 8343 тұрғын үйде 50 мыңға жуық тұрғын тұрады. 133 көпқабатты тұрғын үйде 1500 пәтер бар. Аудан басшысы Серік Мамытов олардың тұрғындарымен кездескенде көпшілік аудан әкімінен осы мәселені оңтайлы шешіп беруді сұрады. Бұған байланысты аудан әкімі тиісті мекемелерге тапсырма берді. Тұрғындармен жүргізілген түсіндірме  жұмыстарының нәтижесінде кондоминиум бағдарламасы аясында мемлекеттік акт  алынған 71 көппәтерлі тұрғын үйдің 44-іне оң  қорытынды берілген. Ал, 18 үйге  жерге орналастыру жобасы жасалған» деп жазылған.
Алдымен мынаны анықтап алайықшы. Жалпы, Жетісай қаласында көпқабатты үйлерді қосатындай кәріз жүйесі жасалған ба? Жасалған болса, оның сызбасын, құжаттарын неге көрсетпейміз? Ауданның байырғы тұрғыны ретінде өз басым кәріз жүйесінің жасалғанын білмейді екенмін. Білетіндер болса бұқара халыққа түсіндіріп берсінші. Бәлкім, олардың кәріз жүйесі деп жүргендері орталықтағы М.Әуезов көшесі табаны астынан С.Қожаев пен Гагарин көшелері арасындағы  қаланың оңтүстік шығысынан батыс терістігіне қарай сонау елуінші жылдары  қазылған Қарақай ашық дренаж қашыртқы су жүйесіне дейін, сонан соң қаланың оңтүстік шығысынан «Садовый» көшесі бойымен жоғарыда аталған ашық дренаж бастауына дейін қазылып, тартылған ұзындығы шамамен 500 метрге шамалас құбырлар шығар? Рас, одан кейінгі жылдары да кәріз жүйесін жасаймыз деп біраз әрекеттенген әкімдер болды. Бірақ, олардың жұмысы да тәп-тәуір басталып, арты сиырқұйымшақтанып кетті емес пе?! Егер сол әрекеттерден нәтиже шыққанда, бүгінде қала тұрғындары ұзақ жылдан бері бас ауруына айналған кәріз мәселесіне түбегейлі нүкте қойған болар еді. Бұл мәселенің қанша жылдан бері бір шешімін таппай, тек сөз жүзінде ғана келе жатқанына қарағанда, қолға алынған жобалар шала болғаны ғой…
Тағы бір айта кететін нәрсе, бүгінде 50 мыңнан астам тұрғыны бар Жетісай қаласында қалалық кәріз жүйесі түгілі, қала көшелерінің 80-85 пайызында жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар да жоқ. Кезінде Жетісай поселке болып тұрғанда көшелердің бәрін аяқжолсыз жобалап, сала салған. Қисынға салып қарасақ, Жетісайдағы жолдардың өзінде жаяу жүргіншілерге арнап аяқжол салынбаған болса, оған жердің астын қопарып, талап үдесінен шығатындай етіп кәріз жүйесін салады дегенге сеніп бола ма?! Айтайын дегенім, проблеманы алдымен анықтап алу керек, одан кейін барып оның шешілу жолдарын қарастырайық.
Арман БҮРКІТҰЛЫ.
Жетісай ауданы. 
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу