Мақтааралда мәселе көп

0
93

Тарихи әділеттілік салтанат құрып, Мақтаарал ауданының қайта ашылғанына міне, бес жылдан асты. Аудан орталығы Мырзакент кенті содан бергі қысқа мерзімде көркейіп, көріктене түсті. Еңселі ғимараттар бой көтеріп, көшелер асфальттанды. Саябақ, гүлзарлар абаттанды. 2020 жылы «Сардоба» су қоймасы бұзылғанда, су шайып кеткен ауылдардың тұрғындары үшін 386 үй, 1200 орынды мектеп, 280 орынды балабақша, дәрігерлік амбулатория салынып, жаңа шағын аудан құрылды. Осы  шағын ауданда ашылған әлгі мектеп қазақтың талантты ақыны, менің туған ағам, марқұм Қосжан Мүсіреповтің есімін иеленген. Білім ордасының алдында ақынның ескерткіш-бюсті орнатылған. Жаңа мектеп ел игілігіне берілген кезде қуанышымызда шек болған жоқ.

Алайда, мектептің жылу жүйесінде орын алған кемшілік жанымызға батты. Кемшілікті байқаған сәтте-ақ, аудан басшыларына оны тезірек түзетуді айтып дабыл қағып, шырылдадым. Себебі, бірінші, айналым сорғыларын теріс жалғап қойған. Теріс жалғағанның салдарынан мектеп ғимараты іске қосылғалы бері жылымады, қазандықтар дірілдеп, сақырлап жұмыс істеді, мектеп жұмысшылары күнделікті ғимараттың аумағындағы барлық жылыту батареяларынан ауа шығарумен әлек болды. Екінші, мұнда максималды жұмыс қысымы 0,3 МПа қазандық орнатылған еді.  Максималды жұмыс қысымы небәрі 0,3 МПа қазандықтың үлкен зәулім ғимаратты жылытуға қауқары жетпейтіні белгілі ғой. Негізінде ғимарат жобасына сәйкес, ҚНжЕ (СНиП) сәйкес жұмыс қысымы 0,6 МПа қазандықтары қойылуы керек еді. Соның салдарынан қыста мектеп іші жылымайды. Балалар сырт киіммен отыруға, одан қалса сыныптан сыныпқа көшіп-қонып жүруге мәжбүр. 600-ден аса оқушы, білім алатын әртүрлі секциялар, үйірмелер жұмыс істейтін, ерекше қажеттіліктері бар балалар оқитын білім ордасындағы нақты жағдай міне, осындай.

Үш жылдан бері жарамсыз қазандықты ауыстыру туралы айта-айта шаршадық. Кезінде осы білім беру нысанын тұрғызуға мемлекет қазынасынан 1,8 миллиард теңге бөлінді. Мектептің құрылыс сапасын тексерушілер неге жылу жүйесінің жұмысын жіті қадағаламаған? Биыл қыс жұмсақ, жайлы болып тұр. Ал, өткен 2022 жылғыдай сарышұнақ аяз қысып кеп берсе, не болар еді? 2023 жылдың желтоқсан айында облыс әкімінің Мақтаарал ауданы тұрғындарымен өткен кездесуінде мен осы жылу мәселесін көтердім. Бұдан соң 22-25 желтоқсан аралығында мердігер мекеме айналым сорғыларын жөндеп іске қосты. Ғимараттың бір корпусындағы 21 жылу жүйесінің көтергіштерінің орындарын ауыстырды. Сондай-ақ, батареялардың диаметрі кішкентай крандары үлкен крандарға ауыстырылды. Содан соң мектеп ғимараты 60 пайызға жылыды. Алайда, үлкен ғимаратты жылытуға бұл қазандықтардың да күші жетпей тұр.

Мырзакенттегі тағы бір түйткілді мәселе, жауын-шашынды күндері  электр жарығы сағат сайын өшеді. Кей кезде электр жарығы бірнеше күн болмайды. Бұл олқылықты жолға қою үшін қосымша электр қуатын арттыру керек. Қазіргі кезде электр қуаты Мырзакентке Шымкент қаласынан Атакентке, одан Жетісай өңіріне беріліп, бірнеше ауылдық округтерді аралап, сатылап зорға жетеді.

Кенттегі подстанса тозығы жетіп, ескірген, қуаттылығы өте төмен. Желінің қуаты 35 килоВольт. Негізінде 110 килоВольттан 2 жүйе болып, 2 жүйенің түйіскен жерінде желілер байлануы  тиіс. Кеңес дәуірінде электр қуатынан тапшылық көрмеген едік. Себебі, ол кезде ауданға электр қуаты Өзбекстаннан және  Шымкент, Шардара қалаларынан жеткілікті мөлшерде келіп тұратын.

Аудандық электр жүйелері жекеменшікке өткелі жұмыс қожырап, талап та, тәртіп те, төмендеп кетті. Пысықтар бағанадағы электр сымдарына дейін бөліп-бөліп, иемденіп, жекешелендіріп алған. Қазір электр қуатының бағасы да қымбат. Әр киловатына 50 теңгеден төлеп отырмыз. Бұрын бар-жоғы 24 теңге төлеуші едік.

Мен көтеріп отырған бұл екі мәселенің біріншісі – мектепті қалыпты деңгейде жылытуды жергілікті жерде шешуге болады деп ойлаймын. Тек бұған аудан басшылары, осы салаға жауапты бөлім қызметкерлері салғырт қарамай, жауапкершілікті терең сезініп, оны тиянақты түрде шешуге әрекет жасауы тиіс.

Ал, екінші мәселе – электр жарығын жақсарту үшін республика көлемінде электр қуаты үшін тарифтерді қайта қарап, қожайындарды азайтып, қадағалауды күшейтіп,  электр қуатының тапшылығын шешуге болады.

 

Сырым ЖҮСІПОВ,

жеке кәсіпкер, Мырзакент кентінің тұрғыны.

Мақтаарал ауданы.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу