Қаржанда қазығына ат байланбаған үй кем

0
87

Қазығұрт ауданының Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты Қаржан елді мекенінде 300-ге жуық отбасы тіршілік кешіп жатыр. Бұл ауыға барсаңыз, көзіңізге жабағы, тай мінген балалар жиі шалынады. Өйткені, ауылда қазақтың ұлттық ойындарының бірі – көкпар ерекше дамыған. Алыс-жақын маңда өтетін көкпарға Каржан ауылынан бабы келіскен тұлпарлар көптеп қосылады. Ұлттық ойынымызды дамытып отырған ауылдағы үлкендердің бұл ісі кейінгілерге үлгі дер едік. Қазір ауылда отызға тарта бала атқа шауып, аламандарда топ жарып жүр.

Бұл ауылда жалғыз ат спорты емес, жалпы, ұлттық дәстүрді жаңғырту бағытында іс-шаралар жиі өтеді. Үлкендердің айтуынша, ауылда әсіресе көкпар спорты қанатын кеңге жайған. Асауды бас білдіру, балаларға көкпар өнерінің қыр-сырын меңгертіп, жүйріктерді жаратуда ауыл азаматтары Медет Ботаев, Рахматулла Төлепов, Әзілхан Тойшының есімдері құрметпен аталады.

– Ата-бабаларымыз жылқы малын ерекше қастерлеген. Бүгінде біз де осы кәсіпті қолға алып, ауылдағы жасөспірімдерді ерте жастан жабағы, тайға мінгізіп, ат баптау ісіне баулып жүрген жайымыз бар. Өкінішке қарай, бүгінде бұл дәстүр ұмытылып барады. Осы іспен көптен бері айналысамыз. Ауылда кімнің аты озып, көкпардан бәйге алса, оған бүкіл ауыл болып қуанамыз. Қазір аттың үстінде еркін отыратын шабандоздарымыз көп. Ол үшін балаларды бұл өнерге жастайынан баулу керек. Ауыл азаматтары болып көкпарды жиі ұйымдастырып жүргеніміз сондықтан, – дейді қаржандықтар.

Білуімзше, қазір бұл ауылда әр үйде жылқы бар. «Меніңше, ауылда тұрып мал ұстамау дегенің ұят. Оның үстіне балалардың жылқыға деген қызығушылығы ерекше болғасын ба, соңғы кездері ауылымызда жылқы санының көбейгені байқалады. Жылқысы жоқ үйдің балалары жылқысы бар үйдің жабағы, тайын сұрап мінеді» – дейді Әзілхан Тойшы.

Рахматулла Төлеповты Қаржан ауылы ғана емес, атқа құмар аудан тұрғындары тегіс жақсы таниды. Жас кезінен ат баптап, көкпар тартуды кәсіп еткен Рахаңның күні бүгінге дейін жылқыға деген махаббаты ересен.

– Ат жалында өскен ұлттың ұрпағы болғандықтан, ауылда өзіміз ғана ат баптап, бұл істі өзіміз ғана қолға алмай, соңымыздан ерген інілерімізді, жастарды, балаларымызды да бұл кәсіпке баулығанды жөн көрдік. Ауыл балаларының тайға мініп, көкпарға қатысуға деген құштарлықтары ересен. Ауылда шығып, сыртта көкпар шауып жүрген құрыш білекті азаматтарымыз да аз емес. Олар өздерін кәсіби тұрғыда дамытып келеді. Біз соған қуанамыз. Құдайға шүкір, ауыл балаларының қай-қайсысы да келешекте кез келген көкпарға араласа кетуге дайын тұр, – дейді Рахматулла ақсақал.

Ал, Медет бауырымыз өзі көкпар тартпайды, тек көкпарға қатысатын аттарды баптайды. Көкпарда оның баптаған аттарын ауылдың көкпаршы жігіттері мінеді. «Біз олардың ат үстінде сенімді отыратынына талай куә болғанбыз. Ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен арнайы чат аштық. Сол ортада бір-бірімізбен пікір алмасып, жан-жақта өтетін көкпарға қатысты жаңалықтарды, жалпы, жылқы малын күтіп-баптау сияқты ақпараттармен бөлісіп отырамыз. Олардың қатарында көкпар ойынына баулып жүрген балаларымыз да бар. Соңғы кезде ауылымызда көкпаршы балалардың қатары көбейіп келеді. Бір-бірімізді қолдап, үнемі қолдау танытып жүреміз, – дейді ол.

Заңғар Рахматулла – ауылдағы көкпаршы балалардың бірі. Қазірге дейін біраз жүлдені қанжығаға байлаған ол көкпар атын мініп, талай жерде өнер көрсетіп жүр. Ауыл айналасындағы додаларда алған жүлделерін айтпағанның өзінде, аудан орталығында өткен дүбірлі додаларда Заңғар мінген сәйгүлік талай рет топ жарды.

– Көкпарда тұлпардың шабысы мен оның жүлделі орындардан көрінуіне ат құлағында ойнайтын қарымды жігіттердің де ықпалы зор. Себебі, кәсіби көкпаршы ғана ат үстінде сәйгүліктің мүмкіндігін іштей сезеді. Бірақ, мен өзімді кәсіби тұрғыда жетілген көкпаршы қатарына жатқызбаймын. Бұл өнерді әлі де меңгере түсуім керек. Меніңше, жабағы үйреткенде тақымың мықты болуы қажет. Қазір жасым 15-те. Алты жасымнан атқа отырдым. Асау жабағыларға бас білдірдім. Жабағыға мінген кезде тақымыңды мықтап, үстінде қорықпай отырып шапсаң, аттың өзі-ақ басылып қалады. Ал, қорқып отырғаныңды жылқы бірден сезіп қояды. Қалай сабақтан келемін, солай мал жайлап, тайымды күтіп-баптауға кірісемін. Үйде смартфон қарап отырғаннан гөрі уақытыңызды атқа арнаған әлдеқайда пайдалы. Ең бастысы, таза ауада жүресің, тынығасың. Өз басым атқа мінгенді жақсы көремін, – дейді ол.

Қаржан ауылының азаматтары ат спорты өнерін дамытуды тек көкпар ойынын ұйымдастырумен ғана шектелмей, келешекте балаларды тай жарыстарына тартуды да қолға алмақ.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу